Сапарға ерекше тілектер
Соңғы жаңартпа
23 Aug 2023
Сапарға ерекше тілектер
Енді денсаулық ерекшеліктері бар жолаушылардың тілектері тапсырыс карточкасында көрсетіліп тұрады. Сервисте жолаушы қажет болса таңдай алатын опциялар бар, мысалы, пайдаланушы зағип және машинаны іздеуге көмек қажет болуы мүмкін.
Егер пайдаланушы қандай да бір опцияны таңдаса, жүргізуші оны тапсырысқа түсініктеме ретінде көреді.
«Зағип немесе қозғалысы шектеулі адам — такси табуға көмектесіңіз»
Көмек әр түрлі жолаушыға қажет болуы мүмкін. Мысалы, нашар көретін немесе зағип пайдаланушы машинаның нөмірі мен түсін көре алмайды, оған есіктің тұтқасын табу қиын — осындай кезде көмек қолын созу маңызды. Мүгедектерге арналған креслосы бар жолаушыға да машинаны іздеп табуға және оған дейін жетуге көмек қажет болуы мүмкін.
Көру қабілеті бұзылған адамды ақ таяқшасы немесе қара түсті көзілдірігі арқылы тануға болады. Егер жолаушы оны қалай және қайдан табуға болатыны жайлы түсініктеме қалдырмаса, оған қоңырау шалыңыз. Әрі қарай былайша әрекет жасаңыз:
Жолаушыға барынша жақын жерге тоқтаңыз. Машинаға дейінгі жол қауіпсіз екендігіне көз жеткізіп алыңыз — биік бордюр, қоршау немесе басқа кедергілер болмауы керек;
Егер жолаушы зағип болса, оған жақындап, амандасып, жай ғана қолынан ұстаңыз. Одан машинаға отыруға көмек қажет пе, жоқ па екендігін сұрап алыңыз: Сәлеметсіз бе, мен такси жүргізушісімін. Сізге машинаға отыруға көмегім қажет пе?
Жолаушыға машинаға дейін баруға көмектесу үшін одан қолын иығыңызға қоюды сұраңыз — сонда ол сізбен бірге бара алады. Салонға кірер есікті көрсету үшін адамның білегінен ұстап, қолын есіктің тұтқасына тигізіңіз.
Сапар соңына дейін бірер минут бұрын жолаушыға жақын арада келетініңіз туралы хабарлаңыз;
Сапар соңында тоқтаған жерді барынша толық сипаттап беріңіз: жағалай қандай бағдарлар бар екенін түсіндіріңіз. Мысалы: Біз «Всё для дома» дүкеніне келдік. Осы жерде шығасыз ба?
Егер зағип жолаушы қолма-қол ақша төлесе, сапар құнын атаңыз және айырым ақша сомасын айтыңыз;
Машинадан шығатын жерде кедергілердің жоқтығын тексеріп, көмектесуді ұсыныңыз.
Жолаушының салонда ешнәрсе ұмытпағанына көз жеткізіп алыңыз.
«Тек жазбаша тілдесемін»
Мұндай опцияны таңдаған жолаушының есту немесе сөйлеу қабілеті нашар болуы мүмкін. Оған тапсырыс деректерін сұрап алу үшін қоңырау шалу керек емес — сапар алдында чат арқылы жазған дұрыс.
«Сөйлей алмаймын, бірақ естимін»
Егер пайдаланушы осындай опцияны таңдаса, оның сөйлеу қабілеті нашар болуы мүмкін. Мұндай жолаушы сіздің сұрағыңызды естиді, бірақ жазбаша түрде жауап береді.
«Мүгедектерге арналған креслом болады»
Егер пайдаланушы осы опцияны таңдаса, түсініктемеде мынадай мәтін көресіз: «Мүгедектерге арналған креслом болады» Отырғызуға көмек қажет, жүксалғыш бос болу керек».
Мүгедектерге арналған кресломен жүретін адамдарға қала ішінде жүру қиын және машинаға отыруы біраз уақыт алуы мүмкін. Сапар сіз бен жолаушы үшін жақсы өтсін десеңіз, бірнеше ережені сақтаңыз:
Мүгедектерге арналған арбашасы бар адам машинаға дейін қауіпсіз және ыңғайлы жете алуы үшін барынша жақын жерге тоқтаңыз;
Арбашадан машинаға отыру үшін көмек қажет пе екендігін және арбашаны жүксалғышқа салу керек пе екендігін сұрап алыңыз. Ол адамның жанында сүйемелдеуші адам болуы мүмкін, бірақ оларға бәрібір көмек қолын ұсынған дұрыс;
Арбашаны қалай дұрыс жинау керектігін, мысалы, дөңгелектерін қалай бұрап алу керектігін сұрап алыңыз. Кейбір арбашаларда ауыр электрлік блок болады — оны креслодан ажыратып, жүксалғышқа салу керек;
Жолаушыға машинада отыру ыңғайлы екендігіне көз жеткізіп алыңыз;
Сапар соңында тағы да көмек ұсыныңыз.
Қозғалыс әрекеті қатты бұзылған кейбір адамдарда сөйлеу қабілеті де нашар болуы мүмкін. Олар сіз айтқан сөзді жақсы түсінсе де, сөйлеу олар үшін қиын болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол адам «Тек жазбаша тілдесемін» немесе «Сөйлей алмаймын, бірақ естимін» опциясын таңдауы мүмкін.
Креслоны жинауға қатысты нұсқаулық Яндекс Про қолданбасы → Парақша → Пайдалы кеңестер бөлімінде бар.
Егер мүгедектерге арналған арбаша жүксалғышқа сыймай жатса, тапсырыстан бас тартып, қолдау қызметіне жазыңыз.